«Қайрат» футзал командасы «Астана» Президенттiк кәсiби спорт клубының құрамына кiрдi

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматының «Қайрат» футзал клубы «Астана» Президенттiк кәсiби спорт клубы» корпоративтiк қорының құрамына ендi және атауын «Астана-Қайрат» деп өзгерттi.

Бүгiн «Самұрық-Қазынада» «Астана-Қайрат» АФК президентi Қайрат Оразбеков пен Олимпиада чемпионы, «Астана» ПКСК» КҚ-ның бас директоры Владимир Смирнов клуб құрамына бiрiгу туралы келiсiмге қол қойды.

«Астана-Қайрат» клубы Қазақстан намысын халықаралық спорт аренасында сәттi қорғап жүр. Бұл тек оның бастапқы қадамдары ғана. «Астана» клубы мен «Астана-Қайрат» қазақ футзалының өрiсiн кеңейте түсетiн болады», - дедi В. Смирнов келiсiмге қол қою рәсiмiнде. Оның атап көрсеткенiндей, клубтың 80 пайыз бюджетiн «Астана» президенттiк клубы көтермек. Қалған 20 пайызын «Астана-Қайраттың» өз қаражат көздерiнен өтеледi.

Өз кезегiнде «Астана-Қайрат» клубының басшысы Қ. Оразбеков команда Астанаға көшiрiлмейтiнiн, Алматы базасында ел намысын қорғай беретiнiн жеткiздi.

«Астана-Қайрат» деп аталғанымен клуб сол баяғыша Алматыда орналасатын болады. Менiңше, алматылық жанкүйерлерге алаңдайтын ештеңе жоқ. Ендi клуб менеджменттiң халықаралық деңгейiне көтерiлдi. Бұл қазақстандық команда, сондықтан оны бөлiп-жарудың өзi керек емес», - дейдi клуб президентi.

Оның айтуынша, «Астана» клубының қаржыландыруы «Астана-Қайратқа» елдегi өзге клубтарға қарағанда басымдық әпермейдi.

"Бюджеттiң көлемi сол қалпында қалады, оны кез келген облыс әкiмдiгi көтере алады. Мәселе тек әкiмдерде жатыр. Егер дамытамыз десе, Ақтөбе, Қарағанды мектептерi өте керемет. Тек жақсы қолға алсын. Ал «Астана» клубынан түскен қаражат қалтаға емес, балалар жаттығатын үлкен футзал базасын салуға жұмсалады», - деп атап өттi ол.