Алғашқы ойында алматылық команда қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберген болатын. Сондықтан «Қайрат» қарымта матчта есепті теңестіруге ұмтылып, ойынның алғашқы минуттарынан белсенділік танытты. Бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады.
Алайда қонақтар да қарап қалмай, шабуылды үдетіп, «Қайрат» қақпасына қысым жасай бастады. Көп ұзамай 13-минутта «Левски» есеп ашты. Болгариялық клубтың шабуылшысы Рейналдо мүмкіндікті мүлт жібермей, алматылықтардың қақпасына дәл соққы бағыттады. Бірінші таймның қалған бөлігінде «Қайрат» есепті теңестіруге тырысқанымен, «Левски» қорғанысы сыр бермеді.
Екінші таймда алматылықтар шабуылды күшейтіп, қарсылас қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді. Алайда «Левски» ойыншылары қорғаныста сауатты қимылдап, «Қайрат» шабуылшыларына гол салуға мүмкіндік бермеді.
Нәтижесінде «Қайрат» қарымта кездесуде де 0:1 есебімен жеңіліп, екі ойынның қорытындысы бойынша 0:2 есебімен «Левскиге» жол берді. Осылайша алматылық клуб UEFA Чемпиондар лигасындағы жорығын үшінші іріктеу кезеңінде аяқтады.
Бұған дейін алматылық ұжым Чемпиондар лигасында қарсыласынан жеңілген жағдайда Еуропа лигасы плей-офф кезеңінде сынға түсуге мүмкіндік алатынын хабарлаған едік. Онда олар ПАОК (Грекия) — «Андерлехт» (Бельгия) жұбының жеңімпазымен ойнайды.