Қайрат Келімбетов пен Игорь Шувалов «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссияның бірінші отырысының қорытындыларын шығарды
Ресей-қазақстан үкіметаралық комиссиясының жетекшілері кіріспе сөздерінде жаңадан құрылған үкіметаралық комиссияның Байқоңыр ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласын одан әрі бірлесіп пайдаланудағы қызметінің маңызын атап өтті.
Онда Байқоңыр ғарыш айлағы мәселелері бойынша тең төрағалардың орынбасарлары Ресейғарыш басшысы Владимир Поповкин мен ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев баяндама жасады.
Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Александр Мезенцев пен Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Рзақұл Нұртаев өз сөздерінде қаланың әлеуметтік проблемаларына баса көңіл бөлді.
Сарапшылардың жұмыс нәтижелері және қорытынды хаттаманы әзірлеудің барысы туралы Үкіметаралық комиссияның тең төрағаларына ресейлік және қазақстандық тараптан комиссия хатшылары Александр Болысов пен Ләйла Тілепбергенова баяндады.
Жалпы отырысты қорытындылай келіп, «Байқоңыр» кешені бойынша Үкіметаралық комиссияның тең төрағалары Ресей Фдерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов пен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов «Байқоңыр» кешені бойынша Үкіметаралық комиссияның бірінші отырысының хаттамасын келісті.
Үкіметаралық комиссия басшылары атап өткендей, оның күн тәртібіндегі барлық мәселелер қаралды. Тараптар «Байқоңыр» кешенін жалдау шартында Ресей мен Қазақстанның мүддесін ескере отырып, «Байқоңыр» кешені бойынша шарттық-құқықтық базаны жетілдіру қажеттігін қуаттады. Комиссия екі ел президенттерінің «Байқоңыр» кешенін бірлесе пайдаланудың Жол картасын жасау жөніндегі тапсырмаларына баса назар аударды. И.Шувалов пен Қ.Келімбетов тараптар «Зенит» зымырантасығышын пайдалана отырып, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру жобасын жүзеге асыруға уағдаластыққа қол жеткізгенін атап өтті.
Үкіметаралық комиссияның барлық қатысушылары бүгін Астана уақытымен 02 сағат 43 минутқа белгіленген ғарыш айлағының Гагарин алаңынан «Союз ТМА-08М» көлік кемесінің ұшырылуы сәтін бақылайтын болады.