Қайрат Қожамжаров прокурорларға қойылатын негізгі талаптарды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Заңсыз үкімдердің күшіне ену фактілері төмендеді. Бұл туралы Бас прокуратурада қызметті жетілдіру перспективалары және прокуратура органдарындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған конференцияда мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас прокурор Қайрат Қожамжаров сот төрелігін жүзеге асыру жүйесіндегі мемлекеттік айыптаушылар институтының ерекше рөлін және прокурорлардың адам тағдырымен байланысты жоғары жауапкершілігін атап өтті.

«Жыл сайын прокурорлар бірінші сатыдағы соттарда 40 мың іс бойынша айыптауды қолдайды. Жоғарғы сотпен бірлескен шаралардың нәтижесінде заңсыз үкімдердің күшіне ену фактілері төмендеді. Өткен жылы қадағалау актілері бойынша барлығы 1945 адамға қатысты сот шешімдерінің күші жойылып, өзгертілді. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 54 пайызға (1263) артық. Бас прокурордың наразылығы негізінде Жоғарғы сотта 443 адамға қатысты сот актілері түзетілді, соның ішінде 334 сотталған адамның жағдайы жақсартылып, 35 адам ақталды», - делінген Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінде.

Қайрат Қожамжаров өз сөзінде прокурорлар сәйкес келуі тиіс стандарттарға назар аударды.

«Мемлекеттік айыптаушы кәсіби білікті болуға міндетті және заңды терең меңгеруі тиіс. Дәлелдемелерді бағалау кезінде жалғыз дұрыс бағытты ұстана білуі керек. Ол - жазаның бұлтартпастығының кепілі, ал кінәсізді анықтағанда, оның құқығын қорғауы қажет», - деді ол.

Сондықтан да прокурорлардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында Бас прокуратура жанындағы Академия мемлекеттік айыптаушыларды оқытудың жаңа бағдарламасы мен әдістемесін әзірледі.

Айта кетейік, конференцияға Президент Әкімшілігі, Жоғарғы соттың өкілдері, сондай-ақ өңірлік прокуратура қызметкерлері қатысты.