Қайрат Қожамжаров жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлық туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров сыбайлас жемқорлықтың салдары жолдардың сапасына қалай әсер ететінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жақында болған Есеп комитеті бойынша іске тоқталсақ, екі аудитор «Қазақавтожол» басшылығынан пара бопсалаған. Ал бұл ұйымның барлық облыстарда филиалдары бар. Ал тиісті сомадағы ақшаны жинап беру үшін «Қазақавтожолдың» облыстық кәсіпорындарының барлық басшылары тартылған. Әрбір басшы миллион теңгеден жинап берді. Ал осы миллионды қайдан алады? Бұл тұрғыда ол жолға қызмет ететін, тендерлерді ұтып алатын, жолдың сапасына қарайтын, орташа және шағын жөндеуді жүргізетін кәсіпорындарды бопсалайды. Бұл мақсаттарға республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден қаржы бөлінеді. Аталған құқық бұзушылықтар өз кезегінде жолдардың сапасына әсер ететіні анық»,-деді Қожамжаров.

Осы орайда ол бұндай сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатаң тосқауыл қою керектігін қадап айтты.