Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, UEFA Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде өтетін «Қайрат» және КуПС арасындағы ойында 1,5 мың полиция қызметкері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
– Ойынға көптеген жанкүйер жиналады деп күтіліп отыр. Осыған байланысты полиция күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және көлік қозғалысын реттеу мәселелеріне ерекше назар аударылады, - деп хабарлады полициядан.
Сондай-ақ департамент арнайы көлік құралдарының еркін қозғалысын қамтамасыз ету және көлік кептелісіне жол бермеу мақсатында Абай даңғылы – Байтұрсынов, Мұқанов және Сәтбаев көшелерімен шектелген аумақта автокөлік қозғалысына ішінара шектеу қойылуы мүмкін екенін ескертті.
Еске салайық, Финляндияда өткен бірінші ойында «Қайрат» командасы КуПС-ке есе жіберді.