Қайрат Лама Шариф Бангкоктегі халықаралық конференцияға қатысты

АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - 17-18 қыркүйекте Бангкокте ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф Таиланд Корольдігі үкіметі мен Дүниежүзілік Ислам Лигасы ұйымдастырған «Адамзат өркениеттері және болашақта бейбіт жасасудың көкжиектері» атты халықаралық конференция жұмысына қатысты.

 Бұл жайында аталған агенттіктің мәліметтерінде хабарланған.

Өз сөзінде Қайрат Лама Шариф Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін өткізу жөніндегі халықаралық бастамасының діндер мен өркениеттер арасындағы жаһандық сұхбатты ілгерілетуге елеулі үлес қосатынын атап өтті.

«Әрбір тарихи дәуір адамзатты жаңа әлеуметтік тәжірибемен байытады, нәтижесінде адам баласы дана әрі көреген бола түседі, өзін де, айналасындағы қоршаған ортаны да тереңірек түсіне бастайды. Бұл ретте Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі мен Бангкокте дінаралық конференция өткізу тәжірибесі әлемдік рухани ой қазынасы мен өркениетаралық үнқатысу мәдениетіне қосылған құнды үлес болып табылады», - деді Қайрат Лама Шариф.

Сонымен қатар, форум аясында ҚР ДІА Төрағасы 30-31 мамырда Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары IV съезінің қорытындылары бойынша құрылған Діни лидерлер Кеңесі мүшесі болып табылатын Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы, доктор Абдель Мухсин ат-Туркимен кездесу өткізді.