Қайрат Мәми: Әкімшілік іс жүргізу кодексінің жаңа жобасы ақпанда таныстырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми «Время» газетіне берген сұхбатында Азаматтық іс жүргізу және Әкімшілік іс жүргізу кодекстерінің жаңа редакциясы әзірленіп жатқанын айтты.

Азаматтық іс жүргізу кодексіне (АІЖК) енгізілетін жаңа тәртіп қатысушыларға істерді қарау рәсімінің қолайлы үрдісін, бітімге келу рәсімдерін кеңінен қолдану, заманауи электрондық технологияларды пайдалануды көздейді.

Тұтастай жаңа АІЖК қабылдауды қалпына келтірілген сот әділдігіне көшумен байланыстырамыз, яғни сот пен тараптар прагматикалық және ымыралы тәсілдерді көрсетіп, әділ, өзара тиімді шешімге ұмтылады.

АІЖК аясында Жоғарғы Сотта инвестициялық дауларды қарайтын алқа құру және Астана қаласы сотының мамандандырылған құрамын жасақтау қарастырылады.

Бұл шара инвестордың қатысуымен болатын дауларда соттың соңғы шешім шығаруына уақытты едәуір қысқартуға, барынша жоғары кәсіби деңгейде біртекті сот практикасын қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірлік мүдделерге, әсіресе қоршаған ортаны қорғаумен байланысты өзекті істер бойынша заңсыз ықпалдың әлеуетті мүмкіндігін алып тастауға жағдай туғызады.

АІЖК жобасын әзірлеу жария түрде өтті, барлық мүдделі құрылымдар мен мемлекеттік органдардың пікірлері ескерілді. Оның соңғы редакциясын халықаралық құқық қорғаушы ҮЕҰ - «Әділ сөз», «Интерньюс» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорлары қолдады.

Әкімшілік іс жүргізу кодексінің (ӘІЖК) жобасын әзірлеуге қатысты айтар болсақ, бірінші кезекте, бұл жария-құқықтық сипаттағы дауларды шешу тәртібін процессуалдық жекелеуге, регламенттеуге мүмкіндік береді.

АІЖК жобасына азаматтық іс жүргізу заңынан жеке тұлғалар мен жария әкімшілік арасындағы дауларды қарауды регламенттейтін құқықтық нормаларды енгізу жоспарлануда. Бұлар негізінен мемлекеттік билік, өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен іс-әрекеттерінің (немесе әрекетсіздіктерін) дау-дамайы туралы мәселелер.

Жаңа редакциядағы АІЖК мен ӘІЖК жобалары бойынша жұмыс қазір белсенді жүріп жатыр. Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп АІЖК жобасын талқылау бойынша өңірлерде бірқатар іс-шаралар жоспарланды.

ӘІЖК жобасын Жоғарғы сот жақын арада таныстырады. Оның мәтіні сайтқа орналастырылады. Бұл жайында БАҚ арқылы хабарлайтын боламыз,- деп атап өтті Қ. Мәми.