Қайрат Мәми облыстық сот төрағаларының салғырттығы үшін сын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми өз өңірлерінде орын алып жатқан резонанстық істерге мән бермейтін облыстық сот төрағаларына шүйлікті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

«Облыстық сот төрағаларына резонанстық және қоғамдық маңызы жоғары істерге жіті мән беру тапсырылған болатын. Біз осы сауалды да арнайы сараладық. Әбдіқанов (Нұрғазы, Ақмола облыстық сотының төрағасы), Абдуллаев (Сәкен, Әскери сот төрағасы), Қайырбеков (Нұрлан, Қызылорда облыстық сотының төрағасы), Мерғалиев (Асламбек, Қостанай облыстық соты), Таймерденов (Мейрамбек, Алматы облыстық сотының төрағасы), Шәріпов (Нұрсерік, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы) бұлар аппеляциялық сот отырыстарындағы істер жөнінде есеп бермеді. Мерғалиев пен Әметов (БҚО сотының төрағасы) төраға ретінде тек 10 іске қатысқан», - деді Қ. Мәми.

Оның еске салуынша, облыстық сот төрағаларының істі қарау барысындағы жұмысбастылығы соңғы жылдары едәуір жеңілдетілген. Кассациялық инстанцияларды оңтайландыру барысында аппеляциялық сот қатары 104 бірлікке ұлғайтылды.

«Мысалы, мен сіздерге Жоғарғы Сот қарамайтын істерге назар аударып отыруды ескерткенмін. Облыстық сот төрағаларын ондай істерді жеке қарап, төрағалық етуін тапсырғанмын. Соған қарамастан, менің ұсынысыммен былтыр облыстық соттар назарынан тас қалдырып алған оннан астам іс қайта қарауға жіберілді», - деді Жоғарғы Сот басшысы.