Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті отырысы болды

ТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті отырысы болды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Күн тәртібіне сәйкес депутаттар заң жобаларын талқылап, олардың бірқатары бірінші оқылымда мақұлданды. Оның ішінде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің жобасы да болды.

Бұл жоба бойынша қосымша баяндама жасаған сенатор А.Башмаков «бұл заң жобасы неке-отбасылық қатынастарды реттеп, олардың өмір сүруіне кепілдікті қамтамасыз етіп қана қоймайды, қазақстандық отбасын нығайтудағы жаңа құқықтық қағидалардың мүмкіндіктерін белгілейді» деп атап өтті.

Заң жобасын талқылау барысында сенатор И.Әміров әлеуметтік институт ретіндегі отбасының рөлін атап өте келіп, жобаны жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылау нәтижесінде депутаттар осы саладағы қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізуді қолдады.

Бұл заң жобалары бойынша қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Әшім мен ішкі істер министрінің бірінші орынбасары М.Демеуов тиісті түсіндірме берді.

Заң жобаларын екінші оқылымда қарауға әзірлеу үшін салалық комитеттерге тапсырылды.

Депутаттар талқысының нәтижесінде «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қабылданды.

Бұл заңдардың маңыздылығын ескере отырып, депутаттар жұртшылық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жақтап, осы тақырып бойынша республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарына материалдар жариялау туралы айтты.

Жобаны талқылау барысында депутаттардың сауалдарына Дін істері агенттігінің төрағасы Қ.Лама Шариф жауап берді.

Отырыста депутаттар Қ.Сұлтанов, С.Ақылбай, Ю.Кубайчук, Н.Сүлейменов, Б.Шелпеков Премьер-Министр К.Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдады.