Қайрат Нұртастың концерті: Астанада арнайы шаттлдар қатынайды

АСТАНА. KAZINFORM — «Астана Арена» стадионында 27 қыркүйек күні сағат 19:00–де танымал әнші Қайрат Нұртастың концерті өтеді. Көрерменге қолайлы жағдай жасау және көлік кептелісін азайту үшін бұл күні арнайы шаттл-маршруттар қатынайды. Бұл туралы елорда әкімдігі мәлім етті.

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Арнайы автобустар сағат 16:00–ден бастап жүреді.

Олар жолаушыларды қаланың төрт жерінен «Астана Арена» стадионына жеткізіп, концерт аяқталғаннан кейін кері бағытта да тасымалдайды.

Арнайы көліктердің жүру бағыттары:

— Астана циркінің автотұрағы;

— «Әзірет Сұлтан» мешітінің автотұрағы;

— Қажымұқан көшесіндегі «Қазақстан» спорт кешенінің автотұрағы;

— «Нұр-Сұлтан» мешітінің (Бас мешіт) автотұрағы. Шаттл-автобустар екі бағытта да — концерт басталғанға дейін және іс-шара аяқталғаннан кейін қатынайды.

Қосымша шаттл-маршруттардың іске қосылуы стадион маңындағы көлік кептелісін азайтып, көрерменнің концертке барып-қайтуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ концерт өтетін орынға «Тарлан Астана» жеңіл рельсті көлігі арқылы жетуге болады.