Қайрат Омаров Атырау облысының Еңбек мобильділігі орталығына басшы болды

Фото: Фото: Өңірлік Коммуникациялар Қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Еңбек мобильділігі орталығына басшы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңадан құрылған Мансап орталықтарының жұмысын үйлестіретін Еңбек мобильділігі орталығының басшысы лауазымын Қайрат Омаров атқаратын болды. Оны ұжымға облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов таныстырды.

Қайрат Омаров Атырау мұнай және газ институтын «экономист» мамандығымен бітірген. 2004 – 2007 жылдары аралығында «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМК Атырау облыстық филиалында түгендеуші, 2007 – 2011 жылдары «ЦентрКредитБанк» АҚ-ның аға менеджері болып жұмыс істеген.

2011 – 2013 жылдары аралығында банк операцияларын сүйемелдеу бөлімінің есепшісі болды.

2013 жылдан аталған лауазымға тағайындалғанға дейін Жылыой ауданы әкімдігінде «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін атқарды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысы әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі штаттан тыс үш кеңесшісі тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.

Кеңесшілер мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғауға атсалысады.

Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлназ Қосмұрзиева қоларбаға таңылған жандардың мәселесін көтереді.

Марат Үмбетәлиев зағиптар кезіккен қиындықтардың оң шешілуіне қолғабыс етеді. Ол бұған дейін де облыс әкіміне штаттан тыс кеңесшісі болған.

Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың жанайқайын Гүлжан Хұсайынова жеткізеді. Өйткені, оның өзі де мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отыр.