«Қайрат» пен «Селтик» арасындағы матч кезінде қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ – Алматы полициясы
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда өткен «Қайрат» пен «Селтик» арасындағы кездесуде қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ. Спорттық нысан мен оған іргелес аумақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шамамен 2 мың полиция қызметкері жұмылдырылды.
Полицияның мәліметінше, жеке құрамның үйлесімді әрекеттерінің және қала тұрғындары мен қонақтарының түсіністігінің арқасында матч тыныш өткен.
– Жанкүйерлер тәртіп сақтап, командаларды спорттық бәсекелестік рухында қолдады. Азаматтардың өзара құрметі мен полиция қызметкерлерінің жұмысының арқасында құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына саналы көзқарасы мен ынтымақтастығы үшін алғысымызды білдіреміз, - деді Алматы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Еске салайық, кеше Алматыда Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің жауапты ойыны өтті. Онда алматылықтар шотландиялық «Селтикпен» кездесіп, қос ойынның қорытындысы бойынша алғаш рет өз тарихында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды.
Ойыннан кейін «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин алматылық команданың тарихи жеңісіне байланысты пікір білдірді.
Тарихи жеңістен кейін Көктөбе мұнарасы «Қайраттың» түсіне боялды.
Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққаны үшін «Қайрат» 18,62 миллион еуро (11,6 миллиард теңге) табыс тапты.