"Қайрат» пен «Жетісу» футбол клубтары арасындағы жолдастық кездесу 1:1 есебімен аяқталды
09:31, 24 Наурыз 2013
АЛМАТЫ. 24 наурыз. ҚазАқпарат - Ұлыстың ұлы мерекесіне орай кеше Алматыдағы Орталық стадионда футболдан "Қайрат" пен "Жетісу" футбол клубтары арасында жолдастық кездесу өтті.
Ойынның бірінші жартысында талдықорғандықтардан өзбек легионері Шавкат Саломов 11 минутта Ильдар Шайхысламовты қапы қалдырып, бірінші боп есеп ашып, өз командасын алға шығарған болатын. Екінші таймның алғашқы ширегінде (61-ші минут) алматылықтардан Тимур Байжанов есепті теңестіріп, жанкүйерлерді бір желпінткен еді. Алайда бұдан кейін қос команда да таблодағы есепке өзгеріс енгізе алмады.
Вдадимир Вайсс жаттықтыратын алматылықтар бұған дейін Премьер-лигадағы ел чемпионатының бірінші турында Омари Тетрадзе баптайтын талдықорғандықтармен өз алаңында 3:3 есебімен тең түскен болатын. Онда Ш.Саломов "Қайрат" қақпасына 49-шы минутта пенальтиден доп соққан еді.