Ойынның бірінші жартысында талдықорғандықтардан өзбек легионері Шавкат Саломов 11 минутта Ильдар Шайхысламовты қапы қалдырып, бірінші боп есеп ашып, өз командасын алға шығарған болатын. Екінші таймның алғашқы ширегінде (61-ші минут) алматылықтардан Тимур Байжанов есепті теңестіріп, жанкүйерлерді бір желпінткен еді. Алайда бұдан кейін қос команда да таблодағы есепке өзгеріс енгізе алмады.
Вдадимир Вайсс жаттықтыратын алматылықтар бұған дейін Премьер-лигадағы ел чемпионатының бірінші турында Омари Тетрадзе баптайтын талдықорғандықтармен өз алаңында 3:3 есебімен тең түскен болатын. Онда Ш.Саломов "Қайрат" қақпасына 49-шы минутта пенальтиден доп соққан еді.