«Қайрат» — «Реал Мадрид»: Алматыда бірнеше көше уақытша жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін сағат 21:45–те УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында Орталық стадионда «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойын өтеді.
Алматы полициясы жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударылғанын хабарлады. Департамент мәліметінше, Орталық стадион маңында көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.
— Қалалық полиция департаменті тұрғындар мен қала қонақтарын алдын ала қозғалыс шектеу сызбасымен танысуға, өз бағытын түзетуге және қозғалыстағы өзгерістерді ескеруге шақырады. Азаматтарды түсіністік танытқаны және қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз. Бұл шаралар уақытша сипатқа ие және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен іс-шараның жайлы өтуіне бағытталған, — деп хабарлады полициядан.
Еске салайық, бұған дейін «Қайрат» пен «Реал Мадрид» матчынан кейін стадионнан тегін автобустар жүретінін жазғанбыз.