Қайрат — Реал матчы кезінде трансляция үзіліп, көрермендер наразылық білдірді: телеарна не дейді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 30 қыркүйекте өткен «Қайрат» — «Реал Мадрид» матчы кезінде Qazaqstan және Qazsport телеарналарының тікелей эфирі бірнеше рет қатып қалып, көрермендер кейбір маңызды сәттерді, соның ішінде гол соғылған эпизодтарды көре алмады.
Бұл жайт әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті.
Эфирдегі үзілістерге байланысты жанкүйерлер телеарналардың кәсіби дайындығына күмән келтіріп, ресми түсініктеме мен жауапкершілікті талап етіп жатыр.
Телеарналардың ресми хабарламасында трансляцияға дейін толық техникалық дайындық жүргізілгені, сервер қуаты әдеттегіден үш есе арттырылғаны және бейне ағынын жеткізу қызметі оңтайландырылғаны айтылды.
Дегенмен матч басталғаннан кейін сыртқы интернет желісіндегі қиындықтар салдарынан ақауларды жедел шешу мүмкін болмаған.
— Қазіргі таңда кешенді техникалық талдау жүріп жатыр. Туындаған қолайсыздықтар үшін көрермендерден кешірім сұраймыз, — делінген корпорацияның ресми мәлімдемесінде.
Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Алматыдағы «Қайрат» — «Реал Мадрид» кездесуі қарсаңында билеттердің заңсыз сатылуына қатысты пікір білдірген еді.