Қайрат Рысқұлбековтің «Халық Қаһарманы» белгісі музейге тапсырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы музейіне Қайрат Рысқұлбековтің «Халық Қаһарманы» атағының белгісі тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Желтоқсан» оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың медалі Алматы музейіне берілді.
Белгіні мұражайға Қайраттың бауыры Талғат Рысқұлбеков табыстады.
Еске салап кетсек, азаттық үшін күрескен Қайрат Рысқұлбеков ең жоғары ауыр үкім - өлім жазасына кесіліп, кейін бұл жиырма жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырылған болатын. Ол Семейдегі түрмеде, жазасын өтеуге кетіп бара жатқан жолда қаза тапқан. 1992 жылы көз жұмған соң ғана ақталған. 1996 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен оған «Халық Қаһарманы» (Халық Батыры) атағы берілді.

Еске салсақ, бүгін  Алматыда 1931-1933 жылдарғы ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, оған қоғам қайраткерлері, репрессия мен ашаршылық құрбандарының ұрпақтары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және қала жастары қатысты.

Арайлым Жолдасбай