Қайрат Сақ: Жолдаудың маңызды тұсы - халықтың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету

АСТАНА. ҚазАқпарат - Л.Е. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Сақ жаңа Жолдауға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолдаудың атап өтерлік маңызды тұстарына келсек, ең алдымен Елбасының халықтың өмір қауіпсіздігін басты назарда ұстауды талап етуі - өте өзекті мәселе. Президенттің әкімдіктер мен құзырлы орган басшыларына берген кезекті нақты тапсырмасы халықтың жағдайын жасауға бағытталып отыр. Биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі - жылдағы дәстүрден бөлек, яғни 3 ай бұрын ұсынылуы. Бұл дегеніміз - тапсырмаларды орындауға бюджет осы бастан қаралып, келесі жаңа жылдан бастап құзырлы органдар іске кіріседі деген сөз. Жолдаудың негізгі бағыты - халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, оның ішіне жұмыспен қамту, жалақыны өсіру, білім, денсаулық - бәрі кіреді. Өзім қызмет ететін жоғары білім саласына келсек, Жолдауда айтылған маманның санына емес, сапасына мән беру және бүгінгі нарықтың сұранысына қарай маман дайындау ісі - бүгінгі күннің өзекті мәселерінің бірі», - дейді Л.Е.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ.

Оның айтуынша, жоғары білім беруге қатысты Елбасы айтқан басты сын - ЖОО бәсекелестікке төтеп беруі және түлектердің университетті бітірген соң жұмыспен қамтамасыз етілуі.

«Бұл тұрғыда біздің Еуразия ұлттық университетінде арнайы бағдарлама бар және жыл сайын түлектеріміздің жұмысқа тұру жағдайына мониторинг жасап отырамыз. Атап айтсақ, біз журналистика факультеті 1-курс студенттерінің болашақта БАҚ-тың қай бағыты бойынша жұмыс істегісі келетінін анықтап, соның негізінде БАҚ құралдарымен байланыс жасап, тиісті мамандарды ұсынып отырмыз», - деді ол. 

Фото: shalkarfm.kz