«Қайрат» - «Селтик» матчында қауіпсіздікті 1,5 мың полиция қызметкері қамтамасыз етеді

Фото: Алматы полициясы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Қайрат» – «Селтик» матчы кезінде полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф іріктеу кезеңіндегі «Қайрат» пен «Селтик» командалары арасындағы матч кезінде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шамамен 1,5 мың полиция қызметкері жұмылдырылады.

- Полицияның біріктірілген күштерінің жасақтарын күшейту жоспарланып отыр. Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу және көлік ағынын реттеуге ерекше назар аударылады, - деп хабарлады департаменттен.

Сондай-ақ Алматы полициясы арнайы көліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету және кептелістің алдын алу мақсатында Абай даңғылы – Байтұрсынов, Мұқанов және Сәтбаев көшелері аралығындағы аумақта ішінара жабылу мүмкін екенін хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін «Қайрат» - «Селтик» матчына алыпсатарлар билетті 5 мыңнан 100 мың теңгеге дейін сатып жатқанын жазғанбыз.