23 мыңға жуық жанкүйерді сыйдыратын Алматының басты стадионы бүгін лық толмақ — барлық билет бірнеше сағатта сатылып кетті. Алаңға кіреберісте үлкен кезекті болдырмас үшін стадион есігі жанкүйерлер үшін сағат 18:45–те ашылды.
Қазір спорттық нысан айналасында мерекелік көңіл-күй орнаған. Көше бойында сары-қара ту көтеріп, алматылық клубтың жейдесін киген адамдардың қарасы көп. Ал стадион алдында асықпай келген жанкүйерлер кезекте тұр. Қоршаудан кейінгі аймақта ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылған.
Еске салайық, жанкүйерлердің біраз бөлігі арнайы ұйымдастырылған автобустар арқылы стадионға келді. Ойыннан кейін адамдар осы қоғамдық көлікпен тегін қаланың түкпір-түкпіріне қайта алады.
Стадион мен оның айналасында қауіпсіздікті 1,5 мың полиция қызметкері қамтамасыз етіп жүр.