НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматылық «Қайрат» командасы тағы да екі футболшымен келісімшарт мерзімін ұзартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алдағы жылы алматылық клуб сапында хорватиялық және сербиялық қорғаушылар Дино Миканович пен Раде Дугалич ойын көрсететін болды.
Дино Миканович 1994 жылдың 7 мамырында Хорватияның Нова-Градишка қаласында дүниеге келді. 2013 жылдан бері Хорватияның «Хайдук», Данияның «Орхус» командаларының намысын қорғады. «Қайрат» сапында 2019 жылдан бері ойын көрсетеді.
Раде Дугалич 1992 жылдың 5 қарашасында Сербияның Прокуппе қаласында туған.
2010 жылдан бері Сербияның «Раднички», «Радник», «Цар Константин», «Синджелич», Боснияның «Олимпик», Арменияның «Улисс», Ресейдің «Торпедо» (Армавир), «Тосно» және «Енисей» командаларында ойнады.
2019 жылдан бері алматылық клубтың жейдесін киді.
Естеріңізге сала кетелік, «Қайрат» бұдан бұрын бразилиялық шабуылшы Вагнер Лавпен келісім мерзімін ұзартты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.