«Қайрат» сырт алаңда «Қызылжарды» жеңіп, турнирлік кестеде көш бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХV-туры аясында «Қызылжар» мен «Қайрат» командасы кездесті.
Алматылық ұжым сырт алаңда минималды есеппен жеңіске жетті. Кездесудегі жалғыз әрі жеңісті голды 42-минутта алматылық клубтан Дастан Сәтпаев соқты. Осылайша «Қайрат» 58 ұпаймен турнирлік кестеде жеке-дара көш бастады.
Дастан 13 голмен үздік сұрмергендер тізімінде екінші орынға жайғасты. Әзірге бірінші орында 15 гол соққан албаниялық футболшы Назми Грипши тұр.
Ал басты қарсыласынан бір ойын кем өткізген «Астана» командасында 53 ұпай бар. Григорий Бабаян жаттықтыратын елордалық ұжым 19 қазанда «Ақтөбе» командасымен үш ұпайға таласады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қайрат» командасының өз алаңында «Жетісуды» ірі есеппен жеңгенін жазған едік.