Қайрат Төребаев: Жыл соңына дейін 5 сауда-экономикалық миссия өткіземіз

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл өткізілген сауда-экономикалық миссиялардың қорытындысында 300 млн доллардан астам сомаға экспорттық келісімшарттар рәсімделді. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экспорттаушыларға сервистік қолдау сауда-экономикалық миссия өткізуді және халықаралық көрмелерде қазақстандық өнімдердің ұлттық стендтерін ұйымдастыруды қамтиды. 2023 жылдың басынан бері Вьетнам, Әзербайжан, Иран, Қытай, Өзбекстан сынды елдерде сауда-экономикалық миссия өткізілді. Сауда-экономикалық миссиялардың қорытындысында 300 млн доллардан астам сомаға экспорттық келісімшарттарға қол қойылды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, өткен аптада Қытайдың Сиянь қаласында өткен сауда-экономикалық миссия аясында аталған қаладағы еліміздің бас консульдығында Қазақстан тауарларына арналған show-room ашылды. Онда отандық тауар өндірушілердің өнімдері қойылған

«Осы жылдың соңына дейін тағы 5 сауда-экономикалық миссия өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл Шанхай импорттық көрмесі, Қытай-Еуразия 8-ші ЭКСПО сынды халықзаралық көрмелерде Қазақстанның ұлттық стендін ұйымдастыру жоспарланған», - деді вице-министр.