«Қайрат» екінші жыл қатарынан Қазақстан чемпионы болды

Фото: «Қайрат» ФК

АСТАНА. KAZINFORM — Алматылық «Қайрат» футболдан 2026 жылғы Қазақстан чемпионы атанды.

Биыл ел біріншілігінде соңғы турға дейін жеңімпаз анықталған жоқ. Бас жүлдеден алматылық «Қайрат» пен елордалық «Астана» негізгі үміткер болды. Доп додасының бітуіне бір тур қалғанда «Қайрат» 58 ұпаймен бірінші орында, ал «Астана» 56 ұпаймен екінші орында тұрды.

Бұл ойында алматылық команда кем дегенде тең нәтижеге қол жеткізсе, екінші жыл қатарынан чемпион болатын мүмкіндігі бар. Ал елордалық клуб үшін тек жеңіс қажет. 

Фото: Александр Павский / Kazinform

Кездесу барысында «Астана» бірден алға қарай ұмтылды. Ойынның 15-минутында елордалық клубтан Марин Томасов мергендік танытып, өз командасын алға шығарды. Таразы басын теңестіруге ұмтылған «Қайрат» бірінші кезеңде дегеніне жете алған жоқ.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Чемпиондық атақтың қолдан сусып бара жатқанын түсінген алматылық футболшылар екінші кезеңде шабуылға көбірек көңіл бөлді. Нәтижесінде 56-минутында Дастан Сәтпаев біріншіліктегі өзінің 14 голын соқты.

Айта кетсек, биыл «Қайрат» чемпион атанса, одан кейінгі орындарға «Астана» мен «Тобыл» табан тіреді.

Фото: «Қайрат» ФК
Фото: Александр Павский / Kazinform

Өзге ойындар нәтижесі төмендегіше:

«Ақтөбе» - «Ордабасы» (Шымкент) 2:2

«Елімай» (Семей) - «Атырау» 3:2 

«Жеңіс» (Астана) - «Қайсар» (Қызылорда) 2:2

«Жетісу» (Талдықорған) - «Қызылжар» (Петропавл) 0:1

«Оқжетпес» (Көкшетау) - «Тұран» (Түркістан) 4:3

«Ұлытау» (Жезқазған) - «Тобыл» (Қостанай) 2:2

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған 3 команда белгілі болды.

Мұндай мүмкіндікке «Каспий» (Ақтау), «Ертіс» (Павлодар), «Алтай» (Өскемен) командалары қол жеткізді.