Жеңісті ойыннан кейін Бельгия клубының бас бапкері Витор Бруно кездесу жайлы пікір білдірді. Ол Алматыдағы ойын нәтижесі еуродода жолдамасының тағдырын әлі шешпегенін айтты.
— Қарымта ойында барлығы нөлден басталады. Іріктеуде өз алаңында 1:4 есебімен ұтылса да, қарымта кездесудің қорытындысы бойынша келесі кезеңге өтіп кеткен командаларды көрдік. Футболдың аты — футбол. Тарихта есебі бойынша тағдыры шешіліп қойғандай көрінгенмен, түрлі себептерге байланысты күтпеген жерден қайта оралған ойындар аз болған жоқ. Сол себепті біз барынша жинақы болып, қарымта ойында не істеуіміз керектігіне назар аударуымыз қажет. «Қайратты» бүгінгідей құрметтеп, қарымта кездесуге де дәл сондай баппен шығуымыз керек, — деді Витор Бруно.
Сондай-ақ «Андерлехт» бапкері бүгінгі ойында жеңіске жетуге команданың жоғары дайындығы себеп болғанын атап өтті. Оның сөзінше, бельгиялықтар қарсыласын мұқият зерттеген.
— Мен айтып өткендей, басты фактор — «Қайратқа» деген құрметіміз болды. Жаттығуларда кейбір сәттерді пысықтауға уақытымыз аз болғанына қарамастан, қарсыласты өте мұқият зерттедік. Алысқа ұшу мен кешегі жаттығу кестесіне байланысты кейбір тактикалық тұстармен жұмыс істеп үлгермедік. Дегенмен, «Қайраттың» ойынын егжей-тегжейлі талдап, бейнематериалдармен көп жұмыс істедік, — деді ол.
Бапкердің айтуынша, бүгінгі голдар команданың алаңдағы жүйелі әрекеттерінің нәтижесі болды.
— Екінші таймда бұдан да көп гол соғуымызға болар еді, — деді Витор Бруно.
Баспасөз мәслихаты кезінде Витор Бруно Орталық стадиондағы жасыл желектің жай-үйіне қатысты өз ойын айтты. Алаң көгалы 15 тамызда өткен Канье Уэсттің концертінен кейін біршама бүлінген.
Витор Бруно айтуынша, көгалдың жағдайы ойын барысына әсер еткен, алайда оның футболшылары бұл жағдайға бейімделе алды.
— Алаңның сапасына келсек, әрине, біз әрдайым футболшылар өз шеберлігін жоғары деңгейде көрсете алуы үшін барынша қолайлы жағдай жасалғанын қалаймыз. Көгалдың сапасы мен түрі қашан да үлкен рөл атқаратынын түсінеміз. Дегенмен жағдай ойдағыдай болмаған кезде қолда барға бейімделуге тура келеді. Футболшыларымыз дәл осылай жасады, — деді Витор Бруно.
Ол шөптің жағдайы бельгиялық ұжымға әдеттегідей жоғары қарқында өнер көрсетуге мүмкіндік бермегенін де атап өтті.
— Мұндай жағдайда допты үнемі жылдам қозғалту қиын, — деп түйіндеді бапкер.
Еске салайық, «Қайрат» өз алаңында «Андерлехтке» 0:3 есебімен есе жіберді. Екі команда арасындағы қарымта кездесу 27 тамыз күні Брюссельде өтеді.