Бұған дейін алматылық клуб Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Олимпиакос» (9 желтоқсан), «Брюгге» (20 қаңтар) командаларына қарсы өз алаңындағы матчтарын «Астана Арена» стадионына көшіретінін хабарлады. Ал билет бағасы 15 000 - 50 000 теңге аралығында болады.
«Қайрат» УЕФА-ның баға саясатына сәйкес, Алматыдағы Орталық стадионда өтетін барлық ойынға бір билет бағасы бекітілгендіктен, оны қайта қарау мүмкін болмағанын мәлімдеді.
— Алматыдағы қолайсыз қысқы жағдайларға байланысты матчтарды Астанаға ауыстыру шешімі УЕФА-мен келісе отырып қабылданды. Ойын орнының өзгеруі оған қатысты талаптардың да өзгеруіне әкелді. Жаңа жағдайларды ескере отырып, клубта билет бағасын қайта қарау мүмкіндігі пайда болды, — делінген клуб мәлімдемесінде.
Еске салайық, «Қайраттың» өз алаңындағы «Реал Мадрид» және «Пафос» командаларына қарсы ойындарда билет 30-250 мың теңге аралығында сатылды. Әлеуметтік желі қолданушылары даңқты испаниялық клубпен кездесуде билеттің тым қымбат болуын қабылдаса да, «Пафосқа» қарсы ойында дәл сол бағалардың сақталуына наразылық білдірді.