«Қайраттың» Чемпиондар лигасы алғашқы кезеңінде кімдермен ойнауы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Алматылық «Қайрат» командасының футболдан UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңіндегі ықтимал қарсыластары анықталды.

Фото: «Қайрат» футбол клубы

Қазақстандық команда бұл турнирді бірінші іріктеу кезеңінен бастайды. Олар UEFA-ның клубтық коэффициенті бойынша 11.000 баллмен «еленгендер» санатына жатқызылды.

Нәтижесінде алматылық клуб Еуропаның әлсіз командасының бірімен шеберлік байқасады.
«Қайраттың» ықтимал қарсыластары қатарында «Интер Клуб д’Эскальдес» (Андорра), «Левски» (Болгария), «Арарат-Армения» (Армения), «Сабах» (Әзербайжан), «Жальгирис» (Литва), «Сутьеска» (Черногория), «ЭТО Дьёр» (Венгрия), «Иберия 1999» (Грузия), «Эгнатия» (Албания), «Флориана» (Мальта), «Тре Фиори» (Сан-Марино), «Вардар» (Солтүстік Македония), «Атерт Биссен» (Люксембург), «Витебск» (Беларусь) командалары бар.

Бірінші іріктеу кезеңінің ойындары 7-8, 14-15 шілде күндеріне белгіленген.

Айта кетсек, алматылық клуб өткен маусымда негізгі кезеңде Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5, Италияның «Интеріне» 1:2, Грекияның «Олимпиакосына» 0:1, Данияның «Копенгагеніне» 2:3, Бельгияның «Брюггесііне» 1:4, Англияның «Арсеналына» 2:3 есебімен жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.