«Қайраттың» корольдік клубқа қауқары жете ме

Фото: Realmadrid.com

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform тілшісі бүгін кешке Алматыда өтетін қазақстандық «Қайрат» пен Испанияның «Реал Мадрид» футбол командаларының кездесуі туралы сарапшылар, журналистер және жанкүйерлердің пікірін оқырман назарына ұсынады.

Жұлдыздар жауған күн

Алматылық «Қайрат» биыл дүбірлі доданы бірінші іріктеу кезеңінен бастаған еді. Әдетте, мұндай іріктеу сатысынан негізгі кезеңге дейін жету қиынға соғады. Қазақстандық команда ешбір іркілген жоқ. Жарыстың әр сатысында жанкүйерлерге ерекше қуаныш сыйлады. Алдымен Словенияның «Олимпиясын» қапы қалдырған клуб одан кейін Финляндияның КуПС, Словакияның «Слован» клубын артқа тастады. Плей-офф сатысында Шотландияның «Селтигін» жеңген олар негізгі кезеңге жолдама алды. Алғашқы турда алматылық клуб сырт алаңда «Спортинг» (Португалия) командасына 1:4 есебімен жол берді. Енді «Реал Мадрид» (Испания), «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Брюгге» (Бельгия), «Олимпиакос» (Грекия), «Пафос» (Кипр), «Копенгаген» (Дания) секілді клубтармен шеберлік байқасады.

Фото: «Қайрат» футбол клубы

— Мадридтік клубтың шабуылшылары қай команданың да қорғанысын әбігерге салады. Онда Винисиус Жуниор, Килиан Мбаппе, Гонсало Гарсия, Браим Диас, Арда Гюлер секілді тәжірибелі ойыншылар бар. Менің ойымша, шабуыл шебіндегі барлық футболшы өте мықты. Тіпті корольдік клубтағы барлығын айрықша атап өтуге болады. Барлығы қақпаға қауіп төндіре алады. Біз испаниялық клубтың соңғы бес кездесуін қарап шықтық. Сондай-ақ құрлықтық кубоктағы ПСЖ клубымен ойынында назарда ұстадық. «Реал Мадрид» тұрақтылығымен ерекшеленеді. Дегенмен жеңілістен ешқандай команда қашып құтыла алмайды. Жас қақпашымыз Шерхан Қалмырза Португалияның «Спортингімен» кездесуде өзін жақсы қырынан танытты. Ешқандай қобалжуды байқаған жоқпын. Оның дайындығын қақпашылар бапкері Илья Юров жақсы біледі. Алдағы ойында оған әріптестері көмектеседі деген сенімдемін. Ол өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінеді. Әрбір команданың кемшін тұсы болады. Кездесу алдында әр қарсыластың осындай осал тұсы зертеледі. Біз атақты клубпен кездесуде осындай осал тұсын табуға тырысамыз. Оны ертеңгі ойын барысынан көресіздер. Ойымыз жүзеге аса ма? Бұл сауалдың жауабы кездесуден кейін белгілі болады, — деді бас бапкер Рафаэль Уразбахтин баспасөз мәслихатында.

Ал алматылық клуб болса, қарсыласының атақ-абыройына қарамастан жақсы ойын көрсетуге күш салатынын айтады.

Фото: «Қайрат» футбол клубы

Алматылық командаға үміт артамыз

Футболда жанкүйерлер күтпеген есеп тіркеліп жатады. Бұл кездесуде «Қайрат» сенсация жасай ала ма? Оған корольдік клуб мүмкіндік бере ме? Шындығында, әлемнің көптеген мықты футболшысын қатарына қосқан «Реал Мадрид» ұпай жоғалтып жатса, ол футбол әлемінде ерекше оқиға ретінде бағаланатыны даусыз.

Спорт комментаторы Бақдәулет Ерғали алдағы кездесудің корольдік клуб үшін ерекше екенін айтады. Өйткені олар Испания примерасында «Атлетико Мадридтен» ірі есеппен жеңіліп қалды.

Фото: Бақдәулет Ерғалидің жеке мұрағатынан

— Бұл сәтсіздігін «Реал Мадрид» енді жанкүйерлерінің алдында Чемпиондар лигасындағы «Қайратпен» кездесуде «ақтап алуға» тырысады. Әрине, олар өз жанкүйерлерін қуанту үшін барын салады. Көп гол соққы жасауға ұмтылады. Сол үшін негізі құрамын алып келді. Бас бапкер Хави Алонсо бірінші және екінші құрам арасындағы ойыншылармен ғана ротация жасайды. Кездесу барысында олар ірі есеппен жеңуге тырысады деген ойдамын. Оған «Қайрат» футболшылары мүмкіндік бермейді. Одан бөлек «Қайрат» сынды командаларға қарсы Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор сияқты «Алтын доп» немесе жеке марапатқа таласатын ойыншылар көбірек гол соғып, жеке статистикасын жақсартып алғысы келеді. Дегенмен «Реал Мадридтің» қорғанысы әзірге қарымта, жылдам шабуылға дайын емес. Оны көп ойынынан көріп жүрміз. Оң жақ қорғанысында Дани Карвахаль, Трент Александер-Арнольд сынды ойыншылары жоқ, ортада Эдер Милитан жарақат алып қалды. Сол себепті «Қайратта» гол соғатын мүмкіндік болады деген ойдамын, — дейді спорт комментаторы.

Оның айтуынша, жанкүйерлер бүгін қызықты матч тамашалайды. Оған қос команда барынша күш салады.

Бәсі бөлек бәсеке

Төрт жылдай бұрын Чемпиондар лигасында корольдік клуб өз алаңында Молдованың «Шериф» командасына 1:2 есебімен есе жіберген еді. Бұл жанкүйерлер күтпеген жағдай болды. Өйткені, көпшілік корольдік клубтың жеңісіне күмәндана қоймаған еді.

Фото: Бақдәулет Аманжолдың жеке кекйіпкерінен

— Мен «Қайратқа» осындай жеңіс тілеймін. Осылайша айды аспанға шығарып, жетістікке жетіп жатса, ел футболындағы ерекше оқиға болар еді. Олар әрбір кездесуден үлкен тәжірибе жинақтап келеді. Іріктеу кезеңінде төрт команданы артта қалдырып, негізгі кезеңге дейін жетуі көп жайды айғақтайды. Қарсыласының ешқайсысы оңай болған жоқ. Бапкерлік құрам дұрыс тактиканы қолдана білді. Енді осындай сәттілікті алдағы ойыннан күтеміз. Команда құрамында тәжірибелі футболшылар бар. Оған қоса болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар шоғыры өсіп келеді. Бұл олар үшін өздерін жақсы қырынан көрсете алатын үлкен мүмкіндік деп бағалаймын. Қазақ футболының болашағы қандай екенін көрсетсе, оларға қызығушылық білдіретін командалар саны болмайды. Қысқасы, кім-кім үшін де бүгінгі ойынның бәсі артып тұр деп айта аламын, — дейді жанкүйер Бағлан Аманжол.

Айта кетсек, UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің 2-турындағы кездесу бүгін, 30 қыркүйекте сағат 21:45–те Алматыдағы Орталық стадионда басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бас төреші міндеті италиялық Марко Гуидаға жүктеліп отыр. Оған Джорджио Перетти мен Джузеппе Перротти көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі — Симоне Соцца.