«Қайсар» футбол клубы алдағы маусымдағы жаңа құрамын таныстырды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласында жергілікті «Қайсар» футбол клубының жаңа маусымдағы құрамын таныстыру рәсімі өтті. Биыл команда құрамында 25 футболшы ойнаса, олардың 11-і жаңадан келген.
Фото: «Қайсар» футбол клубы
Жаңадан келген футболшылар сапында ел құрамасына үміткер Думан Нәрзілдаев, Айбар Жақсылықов, Тоқтар Жаңғылышбай бар.
Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов жанкүйерлерге аймақ басшысының құттықтауын жеткізіп, футболшыларға жейде табыстау рәсіміне қатысты. Жиында бас бапкер Виктор Кумыков жаңа маусымда жанкүйерлерді барынша қуантуға күш салатынын жеткізді.
Фото: «Қайсар» футбол клубы
«Команда құрамындағы футболшылармен бірге әрдайым жеңіске ұмтыламыз. Жоғары жауапкершілікті сезінемін», - деді бас бапкер.
Кезекті ел біріншілігіне қызылордалық клуб тыңғылықты дайындалды. Түркияда үш оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Еуропаның 13 командасымен шеберлік байқасты.
Айта кетсек, ел біріншілігі 1 наурызда жалауын көтереді.
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.