ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорданың «Қайсары» бүгін Түркиядағы ауа-райының қолайсыз болуына байланысты оқу-жаттығу жасай алмады. Оған қатты дауылдың тұруы себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, таңертеңгі уақытта қатты дауыл тұрған және жаңбыр жауған. Соған байланысты дайындық кейінге қалдырылды. Бапкерлер құрамы оқу-жаттығуды тренажерлік залда ұйымдастырды.
Естеріңізге сала кетелік, «Қайсар» Түркияның Анталия қаласында 3-23 қаңтар аралығында оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Қызылордалық клуб Анталияда екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Әзірге қарсыластар анықталуда.
Оқу-жаттығу жиынына сынаққа бірқатар футболшылар келді. Олардың қатарында Елдос Ахметов, Бағдат Қайыров, Қуаныш Қалмұратов бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.