ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорданың «Қайсар» командасы бүгін алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізу мақсатында Түркияға аттанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті. Оқу-жаттығу жиыны Түркияның Анталия қаласында өткізіледі. Қызылордалық клуб 3-23 қаңтар аралығында Анталияда екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Әзірге қарсыластар анықталуда.
«Қайсар» командасы әзірге кеткен және жаңа ойыншылар жөнінде ешқандай мәлімет берген жоқ. Дегенмен ақпарат көздерінде Джон Джошуа, Тигран Барсегян сынды футболшылар өзге клубтарға ауысатыны жөнінде хабарлады. Ал қорғаушы Александр Марочкин енді Қостанайдың «Тобыл» командасының намысын қорғайтыны белгілі болып отыр.
2019 жылы «Қайсар» Қазақстан кубогына қол жеткізді. Нәтижесінде биыл тұсаукесер ойынын Еуропа лигасы екінші кезеңінен бастайды. Сондықтан алдағы маусымға дайындықты тяинақты жүргізуді көздеп отыр.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.