«Қайсардың» бапкері «Ертістен» жеңілген жағдайда орнынан кетеді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Футболдан ел біріншілігіндегі төрт турда небәрі бір ұпай алып, қарсыластар қақпасына жалғыз доп енгізген Қызылорданың «Қайсар» командасының басшылығы мен бапкерлер құрамы жергілікті жанкүйерлермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Команданың ел біріншілігін сәтсіз бастауы қызылордалық жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Жанкүйерлер болгар маманы Стойчо Младенов бас бапкерлік қызметтен кетуін талап етіп жүргені белгілі. Дегенмен команда басшылығы «Қайсардың» мұндай сәтсіз қадамын уақытша деп бағалап, болгарлық бапкерге сенім артып отыр. Жүздесу барысында қос тарап та өз ойларын ашық жеткізді. Бас бапкер Стойчо Младенов команданың жеңіске жете алмау себебін сәтсіздік ретінде санайтынын айтады.

«Қайсар» командасының өз деңгейінде ойын көрсеттуіне барлық жағдай жасалған. Облыс басшысы біздің клубқа әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Спортта барлық жағдай кездеседі. Жеңіс те, жеңіліс те орын алады. Мен шәкірттеріммен жетістікке жетуді көздеймін. Осы сенбіде өз алаңымызда Павлодардың «Ертісін» қабылдаймыз. Сол ойында біздің футболшылар бар күш-жігерін салатын болады. Егер команда ұпай жоғалтса, өз орнымды босатуға әзірмін», - деді Стойчо Младенов.

Биыл команданың жылы бас құрылтайшысы - облыс басшылығы «Қайсардың» алдына үздік бестікте болуды міндеттеген болатын. Сәтсіз ойындарынан кейін «Қайсардың бас бапкері орнынан кете ме» деген сауалға бұдан бұрын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімов те жауап берген еді.

Әділет ҚАҢТАРБАЕВ