Қазақстан салық кеңесшілері қауымдастығының басқарма төрағасы Сәкен Қариннің айтуынша, салық төлеуші тексерушілер заңнаманы дұрыс қолданбай, құжаттарды дұрыс бағаламады немесе белгілі бір қорытындыға негізсіз келді деп есептесе, шағымдануға хақы бар. Тексеру нәтижесінде қосымша есептелген кез келген салық сомасына, оның өсімпұлына да шағым беруге болады.
Ал тексеру қорытындысы бойынша салық төлеушіге айыппұл салынса, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа шағым жасалады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстанда ең жиі шағым түсетін салықтар – корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы және қосылған құн салығы.
Шағымды қайда беру керек?
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, биыл 1 қаңтардан бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте (ӘРПК) кәсіпкерлік нысандардың салық тексерісі нәтижелеріне шағымданудың міндетті сотқа дейінгі тәртібі қарастырылған.
Яғни салық төлеуші әкімшілік сотқа жүгінбес бұрын салық тексеруінің нәтижелері туралы хабарламаға Қаржы министрлігінің Апелляциялық комиссиясына шағым беруі керек.
Шағым беру мерзімі қанша?
Апелляциялық комиссияға шағымды тексеру нәтижелері туралы хабарлама алған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде беру қажет.
Егер салық төлеуші оның шағымы бойынша қабылданған шешіммен келіспесе, әкімшілік сотқа жүгіне алады. Ол үшін шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім табыс етілген күннен бастап бір күнтізбелік ай беріледі.
Сарапшының айтуынша, белгіленген мерзімді өткізіп алу шағымдану мүмкіндігінен түпкілікті айырылу деген сөз емес. Егер салық төлеуші шағым беру мерзімін дәлелді себеппен өткізіп алса, апелляциялық комиссияға жүгіну мерзімі қалпына келтірілуі мүмкін. Әкімшілік сотқа жүгіну үшін белгіленген процестік мерзімді де сот талап қоюшының өтініші бойынша қалпына келтіре алады.
Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғаның, салық төлеуші ұйым басшысының және (немесе) бас бухгалтерінің уақытша еңбекке жарамсыз болуын дәлелді себеп ретінде таниды.
Қандай құжаттарды қоса беру қажет?
Ведомстводағылардың түсіндіруінше, шағымға қосымша есептелген салық түрлеріне қатысты барлық растайтын бастапқы бухгалтерлік және салықтық құжаттарды қоса беру қажет. Бұл құжаттар кәсіпкерлік субъектісінің әрекеті заңды болғанын растауға тиіс.
Сәкен Қариннің айтуынша, қажетті құжаттардың нақты тізімі салық органы қандай заң бұзу әрекетін көрсеткеніне және салық төлеушінің олармен қандай негізде келіспейтініне байланысты.
Кейбір жағдайларда салық органының жеткілікті дәлел ұсынбауының өзі қосымша есептеулерді заңсыз деп тануға негіз болуы мүмкін. Мысалы, салық органы салық заңнамасын бұзу фактісін растай алмаса немесе өз қорытындысына негіз болған құжаттарды ұсынбаса қосымша есептеу заңсыз болып есептеледі.
Басқа жағдайларда салық төлеушіге тексеру қорытындысымен неліктен келіспейтінін егжей-тегжейлі көрсету қажет. Ол үшін қолданыстағы заңнама нормаларына сілтеме жасап, бастапқы бухгалтерлік құжаттарды, шарттарды, есеп-қисаптарды және өз ұстанымын растайтын басқа да құжаттарды ұсыну керек.
Егер дауды шешу үшін арнайы білім қажет болса, сот іске маманды тарта алады немесе сот сараптамасын тағайындайды.
Шағым қаралып жатқан кезде даулы салықты төлемесе не болады?
Шағымдану кезеңінде салық тексеруінің нәтижелері туралы хабарламаны орындау тоқтатыла тұрады.
Егер шағым Қаржы министрлігінің апелляциялық комиссиясына берілсе, бұл тәртіп шағым қаралатын тиісті кезеңге қолданылады. Ал әкімшілік сотқа жүгінген жағдайда хабарламаның орындалуы іс сот өндірісіне қабылданған сәттен бастап сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатылады.
Осылайша, бұл кезеңде салық төлеушіге даулы салық сомасын төлеу міндеті жүктелмейді.
Сонымен бірге сарапшының айтуынша, салық тексеруінің нәтижесінде қосымша есептелген соманы төлеп қою салық төлеушінің хабарламамен келіскенін білдірмейді және оның бұл шешімге шағымдану құқығынан айырмайды.
Іс жүзінде салық төлеуші кейде даулы кезеңде осы сомаға өсімпұлдың одан әрі есептелуіне жол бермеу үшін қосымша есептелген салықты төлеп қояды. Бұл сот ақырында оның талаптарын қанағаттандырмаған жағдайда қаржылық тәуекелді азайтқысы келген жағдайда орынды болуы мүмкін.
Егер шағымдану нәтижесінде қосымша есептеу заңсыз деп танылып, салықтың артық төленген сомасы пайда болса, оны тиісті өтініш негізінде салық төлеушіге қайтаруға болады.
Салық заңгерін жалдамаса не болады?
Сәкен Қариннің пайымдауынша, салық төлеуші сотқа өз бетінше жүгіне алады. Бұл ретте әкімшілік процесте соттың белсенді рөлі қарастырылған. Егер талап арыз беру кезінде қандай да бір кемшілік жіберілсе, сот оған назар аударып, оны жоюды ұсына алады.
Соған қарамастан сарапшы әкімшілік сотқа жүгінер алдында салық консультантынан немесе басқа да құзыретті маманнан кеңес алуды ұсынады. Бұл салық органының талаптары қаншалықты негізді екенін, оларға шағымдануға негіз бар-жоғын және даудың қандай перспективасы барын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
Бұл әсіресе салық заңнамасын, бухгалтерлік құжаттарды және шаруашылық операцияларының мән-жайларын қатар талдауды қажет ететін күрделі салық дауларында маңызды.
Жеке тұлға мен кәсіпкердің шағымдану тәртібі әркелкі ме?
Сарапшының айтуынша, кәсіпкерлікпен айналыспайтын жеке тұлғаларға қатысты салық тексерулері, әдетте, салыстырмалы түрде сирек жүргізіледі.
Жалпы алғанда жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың салық тексерісінің нәтижелеріне шағымдану тәртібі бірдей. Бұл тәртіп Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс арқылы реттеледі.