Қайта қалпына келтірілген 900-ден астам археологиялық жәдігер Ұлттық музейге тапсырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қайта қалпына келтірілген 900-ден астам археологиялық жәдігер Ұлттық музейге тапсырылады. Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова мәлім етті.

«Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан қорғандардан табылған 968 археологиялық жәдігер музейге өткізуге дайындалды. Музейге өткізілетін барлық жәдігердің сақтау шарттары бойынша ұсыныстары берілген реставрациялық паспорты бар», - деді ол.

Айта кетерлігі, ҚР археологтары мен реставраторлары, «Қазқайтажаңғырту» РМК мен «Остров Крым» ғылыми қайта қалпына келтіру зертханасының ғалымдары реставрация жасаған барлық жәдігерлер «Өткен күнгі бейнелердің бүгінгі көрінісі» атты жобаның бір бөлігі саналады.
Жобаны таныстыру бүгін 15:00-де ҚР Ұлттық музейінде өтетін болады.