Қайта оралған «Айгүлдің» жаңа ән жинағы жарыққа шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Қыздар университетінің 70 жылдық мерейтойына тарту ретінде білім ошағының «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінің «Қазақтың ару қыздары» атты ән жинағы жарық көрді, деп хабарлады аталған ЖОО баспасөз қызметінен.

ҚазМемҚызПУ ректоры Д.Ж.Нөкетаеваның қолдауымен шыққан альбомға ансамбль репертуарындағы қазақ композиторларының 9 әні кірген. Оның ішінде, «Қазақтың ару қыздары» ( әні:А.Бексұлтан, сөзі:И.Иса), «Үшқоңыр» (әні:А.Қоразбаев, сөзі:Н.Назарбаев), «Тек қана қыздар» (әні: М.Балтабаев, сөзі: Т.Молдағалиев) сынды әндер бар. «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты жанынан 1969 жылдың 8-ші наурызында құрылды. Бұл күні ансамбль Қазақтың Жамбыл атындағы филармониясында алғаш дебюттік концерт қойып, ел ықыласына бөленген. Атаулы дата «Айгүл» ансамблінің дүниеге келген күні ретінде тіркелді. «Айгүл» ансамблінің есімі сол кездері дүркіреп шыққан «Дос-Мұқасан», «Гүлдер» ансамблімен қатар елге танымал болды. Бір кездері аты дүркіреп шыққан «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінің құрамында Ағайша Исағұлова, Сақыпжамал Ұзақбаева, Галина Қарамолдаева, Меңсұлу Ысқақова, Марфуға Жүнісова, Гүлнар Бегалиева, Дина Ерғалиева сынды әншілер ән салса, қазіргі таңда олардың ізін Эльнур Нұрғожаева, Әсем Құдайбергенова, Ақтолқын Есентаева, Жадыра Қанапиянова, Дана Тәжіханова, Жадыра Қуатова сынды жас өнерпаз әншілер жалғастыруда. «Айгүл» ансамблінің ізбасарлары атанып жүрген жаңа толқынның да жеткен жетістіктері де аз емес. Ансамбль 2009 жылы «Алтын дауыс» фестивалінің, 2010 жылы Түркия елінің Адана қаласында өткен «Түркі әлемі» фестивалінің лауреаты атанса, 2011 жылы «Алтын микрафон» конкурсының және «Nauryz jam» жастар фестивалінің жүлдегерлері атанды», делінген хабарламада.