Қайта оралған «Азия дауысы»: Алматыда фестивальдің бірінші күні қалай өтті

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Медеу» мұз айдынында 19 жылдық үзілістен кейін «Азия дауысы» халықаралық заманауи музыка фестивалі басталды. Биыл фестиваль үш күн өтеді. Көптен күткен оқиғаның бірінші күні мерекелік көңіл-күй мен танымал әртістердің орындауынан ләззат алу үшін аңызға айналған аренаға көптеген адам жиналды. Толығырақ – ҚазАқпарат материалында.

Көрермен лық толы аренада фестиваль қызыл кілеммен басталды, онда раритет көліктерден түскен атақты жұлдыздар мен «Азия дауысы – 2023» қатысушылары жүріп өтті. Ашылу салтанатына келген Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов фестивальдің жыл сайын өтетінін және келесі жылдан бастап халықаралық ән байқауы қосылатынын айтты.


«Маған түркі елдерінің мәдениет министрлері қазірден хабарласып, келесі жылы «Азия дауысы» халықаралық орындаушылар байқауына ең үздік әртістерін жіберуге қызығушылық танытып отыр. Сөзсіз, «Азия Дауысы» - еліміздің айрықша тренді, біз оған қолдау көрсетіп, алға ілгерілетеміз. Өйткені бұл тек музыкалық қана емес, туристік тренд, ол Алматының және тұтас өңірдің туристік дамуы үшін үлкен әлеуетке ие», - деп түсіндірді министр.

Ведомство басшысы «Азия дауысы» жобасы қазақстандық эстраданың көптеген жаңа жұлдыздарын ашатынына сенімді.


«Өздеріңіз білетіндей, 1997 жылы «Азия дауысы» үздік фестиваль атағына ие болды. Бұл да үлкен жетістік. Қазір бұл фестиваль қайта жандануда, мұнда демеушілерге алғыс айтқым келеді, өйткені оны өткізуге мемлекет қаржы бөлген жоқ. Бүгін жаңбырлы ауа райына қарамастан, Медеуге мыңдаған адам жиналды. Түрлі елдерден туристер де келуде. Келесі жылы мұнда шетелдік әртістер қатысатын болса, олардың жанкүйерлері де келер еді. Бұл да туризмді дамытуға бағытталған», - дейді Асхат Оралов.


Фестивальде бірінші болып «Жас қанат 2023» жас орындаушылар байқауының жүлдегерлері өнер көрсетті. Аренада әр буынның көрермендері жиналды, жүргізушілермен бірге олар да ностальгия жасады, Байғали Серкебаевтың «Джулия» мюзиклінен үзінді ұсыну кезінде «А-студио» тобының әндерін шырқады, әлемдік хиттерді еске алды. Сондай-ақ «Азия дауысы» фестивалінің қандай болғанын білмейтін жас көрермендер үшін арнайы блок жасалды, онда фестивальді құрған тұлғалар және сол жылдары Алматының қандай болғаны көрсетілді.


Сонымен бірге көрермендерге әйгілі режиссер, сценарист және продюсер Фархат Шәріпов түсірген «Солдат любви» мюзиклінің түсіріліміне қатысу мүмкіндігі туды – олар финалдағы басты кейіпкер жұлдызға айналып, үлкен аренаға шыққанда массовка ретінде ойнады. Көрермендер телефон жарығын жағып, фильмге қажеттінің бәрін орындады, сондықтан «Азия дауысы» фестивалінің алғашқы күні тарихқа ғана емес, киноға да енді.


Алматылықтар мен қала қонақтары қазақстандық танымал поп және рэп әртістерінің өнерін тамашалады. Көрермендер үшін Ғалымжан Молданазар, RaiM, Ерке Есмахан, V$XV PRiNCE, Мирас Жүгінісов, Markhaba Sabi, ORYNKHAN, «Ирина Кайратовна» тобы және ZAQ өз хиттерін орындады. Фестивальдің алғашқы күні дрон шоуымен аяқталды.


Шоудан бөлек, фестиваль демеушілері мен серіктестері қатысушыларға көптеген жүлделі іс-шаралар дайындап, бірнеше фотоаймақтар жасады. Бүгін «Азия Дауысы» сахнасында әлемдік BLACK EYED PEAS өнер көрсетеді. Ертең, фестивальдің соңғы күні көрермендер аңызға айналған ретро жұлдыздарды көреді. Secret Service және ЯЛЛА топтары, қазақстандық эстрада жұлдыздары 40 минут өнер көрсетеді және салтанатты отшашу болады.

Алматы қаласының әкімдігі көрермендердің «Медеуге» еш қиындықсыз жетіп, қалаға оралуын қамтамасыз етті, сондықтан фестиваль күндері қосымша тегін автобус бағыты іске қосылады. Автобустар Сәтбаев пен Байтұрсынов қиылысынан сағат 14:00-ден 24:00-ге дейін 10-15 минут аралықпен жүреді.