Қайта жасақталған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қандай ұйымдар қарайды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаңадан құрылған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қызмет бағыты мен ережелерін бекітуді көздейтін Үкімет қаулысы ашық талқыға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашық НҚА порталында жариялаған қаулы жобасында жазылғандай, министрліктің құрамына мына комитеттер кіреді:

1. Өнеркәсіп комитеті;

2. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті;

3. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитеті;

4. Геология комитеті.

Бұған қоса, қаулы жобасында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қызмет бағыттары айқындалған:

- өнеркәсіпті дамыту;

- тау-кен металлургия кешенін дамыту;

- машина жасау, көмір, химия бұйымдары, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібін қолдау;

- құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарын өндіру;

- машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі қамтамасыз ету;

- энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру;

- бағалы металдар өндірісі және асыл тастардың айналымын қадағалау;

- арнайы экономикалық аймақтарды құру;

- уран өндіруді қоспағанда, қатты пайдалы қазбалар бөлігінде жер қойнауын пайдалануға мемлекеттік басқару жүргізу;

- елді мекендер шегінде сумен жабдықтау және су бұру, жылумен жабдықта;

- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу;

- қорғаныс өнеркәсібі салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру.

Министрлік және оған бағынысты ведомстволар қарамағына мына ұйымдар кіреді:

- «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ;

- «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ;

- «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ;

- ҚР минералдық шикiзатты кешендi қайта өңдеу жөнiндегi ұлттық орталығы;

- Ұлттық технологиялық болжау орталығы;

- «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ;

- «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» РМК;

- Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығы;

- «Қазақ ғылыми-зерттеу және құрылыс пен сәулет жобалау институты» АҚ;

- «Қазарнаулыэкспорт» РМК;

- «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ.

Үкімет қаулысының жобасы 20 қыркүйекке дейін көпшілік талқысында болады. Кейін қол қою үшін Премьер-Министрге жолданады.

Айта кетейік, 4 қыркүйекте Қанат Шарлапаев қайта жасақталған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басшысы болып тағайындалды.

Қоса кетсек, 1 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде 5 жаңа министрлік құрылды.