Қайтарылған активтер есебінен Қостанай облысындағы ауылға ауыз су тартылып жатыр

Фото: Бас прокуратура

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысының Қарабалық ауданына қарасты Михайловка ауылында қайтарылған мүлік есебінен тұрғындарды таза ауыз сумен қамту жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Прокуратураның бастамасымен қайтарылған қаражат 16 шақырымдық су құбырын тартуға бағытталған. Қазіргі таңда ауылда ауыз су тарату пунктері арқылы ғана берілуде, бұл тұрғындардың қолжетімділігін шектейді.

- Жаңа су құбыры іске қосылғаннан кейін 500-ден астам ауыл тұрғыны орталықтандырылған сумен қамтылады. Әлеуметтік маңызы бар нысанды 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр, - делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.

Құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімі мердігердің жауапкершілігі аясында қатаң бақылануда. Жоба барысы мен қаржының тиімді игерілуі Қостанай облысы прокуратурасының тікелей бақылауында.

Айта кетейік, Шардара су қоймасында су деңгейінің төмендеуінен қалада ауыз су тапшылығы туындады.