Қайтарылған активтер: Жамбыл облысында Жаңаөткел ауылы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді
ТАРАЗ. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен 19 ауыз сумен қамтамасыз ету және денсаулық сақтау нысанының құрылысы қаржыландырылды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті.
Мәселен, 2025 жылғы 30 маусымда Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров Жамбыл ауданы Жаңаөткел ауылында сумен жабдықтау жүйесінің ашылу салтанатына қатысты.
— Бұл бастама мемлекетке қайтарылған қаражаттың қоғамның игілігіне қалай ықпал ететінін және негізгі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасайтынын айқын көрсетеді, — деді Нұрғалым Әбдіров.
Бұл объектінің ашылуына дейін ауылда сумен жабдықтау жүйесі болмаған және ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етілмеген.
Енді жаңа сумен жабдықтау жүйесі 260-тан астам ауыл тұрғынын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен ауылдық дәрігерлік амбулатория ашылғанын жазған едік.