Қайтарылған активтерге құны 30 млрд теңге болатын инвестициялық жобаларды іске асыру басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қайтарылған активтерге құны 30 млрд теңге болатын инвестициялық жобаларды іске асыру басталды. Бұл туралы Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков айтты.
«Активтерді қайтару процесінің тағы бір маңызды бөлігі — қаражатты Қазақстан экономикасына қайта инвестициялау. Комиссия мақұлдаған келісімдер бойынша заң субъектілерімен жалпы сомасы 30 млрд теңге болатын инвестициялық жобаларды іске асыру басталды. Олардың ішінде химиялық, тамақ өнімдерін және басқа да тауарларды шығаратын өндірістік объектілерді салу және жаңғырту бар. Мұның барлығы мемлекетіміз бен халқымыздың игілігі үшін жұмыс істейтін болады. Мысалы, өндірістік желіні ашу туралы жобалардың бірі бойынша 100 жұмыс орнын құру, жыл сайын 500 млн теңгеге салық түсімдері, өнімнің кемінде 20 пайыздық экспорты көзделген», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Осы ретте ол Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында заң субъектілерінің әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға ат салысуының қажеттілігін атап өткенін еске салды.
«Бұл бағыт бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. Комитетпен 12 млрд теңгеге әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы келісімдер жасалды. Заң субъектілері заманауи мәдени-білім беру орталығын, спорт манежін, тұрғын үй кешенін салады, сондай-ақ мұқтаж жандарды оңалту және әлеуметтендіру бағдарламаларын қаржыландыратын болады. Осылайша, комитеттің активтерді ерікті қайтару бағыты бойынша жұмысы төрт негізгі компонентті қамтиды. Олар: республикалық бюджетті толықтыру; активтерді заттай қайтару; капиталды қайта инвестициялау және әлеуметтік жобаларды іске асыру», - деді Нұрдәулет Сүйіндіков.