Қайтарылған активтерді басқаратын мемлекеттік қор құрылмақ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қайтарылған активтерді басқаратын мемлекеттік қор құрылмақ. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысы жауабында «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасында активтерді қайтарудың ерікті және мәжбүрлі екі тәсілі көзделгенін атап өтеді.

«Ерікті тәртіп үшін активтерді мемлекетке беруді ынталандыру тетіктері әзірленген. Мәжбүрлі тәртіп соттардың шешімдері негізінде немесе халықаралық өзара іс-қимыл арқылы қылмыстық не азаматтық іс жүргізу аясында заңсыз сатып алынған активтерді тәркілеуді көздейді. Қайтарылған активтерді басқару мақсатында заң жобасында қайтарылған активтерді сатудан түскен ақшаны жинақтайтын қазынашылық органдарында арнайы шот аша отырып, мемлекеттік қор құру көзделеді. Бұл қаражат ел халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін ғана пайдаланылатын болады», -деді Әлихан Смайылов.

Бұдан басқа, оның атап өтуінше, заңның ілеспе жобасында активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған қажетті іс-шаралар қабылдау үшін бірқатар заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу жоспарланған.

«Заң жобасы активтерді қайтарудың мүлдем жаңа тәсілдері мен тетіктерін көздейтінін ескере отырып, оны мұқият зерттеу мен әзірлеу үшін қосымша уақыт қажет болды», - деді Премьер-Министр.