Қайтарылған активтерді басқару компаниясының жұмысын Қаржы министрлігі бақылайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы министрлігіне бірқатар қосымша міндеттер жүктелмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысына сай, ведомствоға мына функциялар беріледі:

- «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңына сәйкес тәркіленген, республикалық меншікке айналдырылған мүлікті, сондай-ақ мемлекет кірісіне айналдырылған мүлікті (активтерді) есепке алу және одан әрі пайдалану бойынша деректер базасын жүргізу;

- «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңына сәйкес басқарушы компанияның мүлікті (активтерді) басқару тиімділігін бақылау;

- Басқарушы компанияға берілген активтерді басқару тәртібін айқындау;

- ҚР Ұлттық банкімен және валюталық бақылау агенттерімен бірлесіп, резиденттердің репатриациялау талабын орындауын бақылау мақсатында экспорт немесе импорт жөніндегі жекелеген валюталық шарттар шеңберінде ақша қозғалысын және міндеттемелердің өзге де орындалуын мониторингтеу;

- Уәкілетті органмен бірлесіп активтерді қайтару бойынша активтерді ашып көрсету туралы декларацияның нысаны мен оны ұсыну тәртібін бекітеді;

- Өз құзыреті шегінде «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» ҚР Заңына сәйкес валюталық бақылау жүргізу;

- Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатын пайдалану және оның монитрингтеу тәртібін айқындау;

- Арнаулы мемлекеттік қор қаражатының түсімдері мен жұмсалуы туралы ақпаратты жыл сайын жариялау.

Үкімет қаулысының жобасы 13 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауда болады.

Қоса кетсек, таяуда қайтарылған активтерді басқару компаниясына қандай мамандардың тартылатынын жазып едік.