Қайтыс болған адамдарға қызмет көрсетілген: Павлодарда медициналық клиника тергеліп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда жеке клиника азаматтарға көрсетілген қызметтер туралы жалған деректерді енгізіп, бюджеттен негізсіз қаражат алған деген күдікке ілінді. Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке келтірілген залал 15,2 млн теңге.

Фото: Алматы әкімдігі

Өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметіне сәйкес, медициналық ұйым 2023–2024 жылдары азаматтарды іс жүзінде көрсетілмеген немесе негізсіз тіркелген медициналық қызметтер бойынша есепке енгізген болуы мүмкін.

— Анықталған күмәнді деректердің арасында қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет көрсетілді деген жазбалар, ер адамдарға гинекологиялық қызмет көрсетілгені туралы мәліметтер және осы емханаға тіркелмеген азаматтарға қызмет көрсетілгені жөніндегі деректер бар.

Қылмыстық іс аясында медициналық ұйымның басшылығы мен дәрігерлерінің ықтимал қатысы да тексеріліп жатыр. Қазір тергеушілер осы мекемеден медициналық қызмет алған көптеген азаматтың деректерін зерделеп жатыр, — деп хабарлады ведомстводан.

Әзірше күдіктілер ресми түрде анықталмаған. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, Алматыдағы жеке клиника жалған медициналық анықтама бергені үшін тексеріледі.