Қайын енесі мен қайын атасын өлтірген оралдықтың ісін алқабилер соты қарайды
Ақсай қаласының тұрғыны Рустам Давлетшин биылғы мамыр айында Оралда тұратын бұрынғы әйелі Надияның ата-анасын атып кеткен болатын. 60 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмса, 1951 жылғы ер адам кейін ауруханада қайтыс болған еді.
БҚО прокурорының көмекшісі Айгүл Молдағалиеваның мәлім еткеніндей, өткен жылғы желтоқсан айында Давлетшин мылтықты иеленіп, оны алты ай бойы заңсыз сақтаған.
Биылғы 10 мамырда Давлетшин спорттық сөмкесіне қаруды салып алып, Оралға келген. Әйелімен ажырасуға байланысты бұрынғы қайын енесі мен қайын атасына өшіккен ол, мас күйінде сол күні кешкісін жәбірленушілердің үйіне келген. Есіктің қоңырауын басқан кезде шыққан қайын енесі Ғалия Абдрахманованы атып өлтірген. Содан кейін қайын атасы Раниль Абдрахмановқа оқ атып, ауыр жаралаған.
Р.Давлетшинге ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 1, 5-тармақтарына (аса қатыгездікпен екі және одан көп адамды қасақана өлтіру) және 287-бабы 2-бөлігіне (атыс қаруын заңсыз иелену, сақтау және алып жүру) сәйкес айып тағылып отыр.
Ол сотта кінәсін мойындап, өзінің ісін алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініш жасады. Судья Бақыт Ермаханов бұл өтінішті қанағаттандырды. Негізгі сот талқысы 1 тамызға белгіленді.