Қайырбек Өскенбаев елордадағы LRT құрылысына қатысты пікір білдірді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы LRT құрылысы жобасы Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігіне тапсырылмады. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейінгі баспасөз мәслихатында аталған ведомствоның басшысы Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде бұл жоба толықтай жергілікті атқарушы органның, яғни Астана қаласы әкімдігінің қарауында. Әкімдіктің жауапкершілігінде тұр. Егер жобаны министрлікке тапсырса, онда LRT құрылысы бойынша нақты жұмыс алгоритмін жарялаймын. Әзіргі маған бұл бағытта тапсырма жүктелмеді», - деді Қ. Өскенбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қыркүйек айында ҚР Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева елордалықтарды алаңдатқан LRT құрылысына қаржы қайдан бөлінетінін айтты.

«Ақша Үкімет резервінен бөлінбейтін шығар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бойынша бюджеттік бағдарламалар қайтадан бөлінеді. Тиісті трансферттер қосылады. Мұның бәрі келесі жылы бюджетті нақтылайтын кезде болады. Барлық құжаттама қажетті процедуралардан өтті. Бірқатар көрсеткіш қайта қаралды. Заңнаманың бүкіл талабы сақталды. Қазір пысықталып жатыр», - деді вице-министр.