Қайырымды жандар 12 отбасына баспана сыйлады - Түркістан облысы

ШАРДАРА. ҚазАқпарат – Қайырымды жандардан құралған «Қамқорлық» бағдарламасы Шардара ауданындағы көмекке мұқтаж жандарға демеу болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың ұйымдастыруымен жергілікті кәсіпкерлер мен демеуші азаматтар күнкөрісі төмен көпбалалы отбасыларға және жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі азаматтарды баспана сыйлады.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жылы аталған бағдарламамен тұрмысы төмен жанұяларға 9 баспана беру жоспарланған. Алайда жаны жомарт жандар мұқтаж азаматтарға 12 баспана алып берді. Тұрғын үйге қол жеткізгендердің қатарында көпбалалы жалғызбасты аналар мен мүгедек жандар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен көмекке зәру жанұялар бар.

Мәселен, 8 баланың анасы Регина Сүйеуова жылдар бойы Шымкент қаласында пәтер жалдап тұрып келгенін айтады. Тұңғышы 13 жаста болса, кеншесі әлі жасына да толмаған. Өзі бала күтімімен үй шаруасында жүрген келіншектің күйеуі жалданып жұмыс істейді. Бүгінде жүк көлігін айдап, нәпақасын тауып жүр. Қазір бұл жанұя Шардара қаласына қарасты Өтеғұл елдімекенінде тұрақтаған.

«Осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерден пәтерге ауысып, шиттей 8 баламен қатты қиналдық. Күйеуімнің бір өзі жұмыс істегендіктен күн көрісіміз де мәз емес еді. Шымкент қаласында жүрген жерден демеушілер тауып, Шардара қаласынан баспана алуға қолғабыс еткен аудан әкімі Қайрат Жолдыбайға алғысым шексіз»,- дейді көпбалалы ана.

Аудан әкімдігінің өкілдері жыл соңына дейін осы бағдарлама аясында тағы да 3 отбасыға тұрғын үй табыстауға мүмкіндік туып отырғанын айтады. Сонымен қатар, шалғай ауданында мемлекет тарапынан 4 қабатты әрі 40 пәтерлі 2 тұрғын үй кешенінің құрылысы салынуда. Осылайша жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 80 отбасы баспаналы болады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бүгінгі күнге Шардара ауданында атаулы әлеуметтік көмек алатын 1713 отбасы бар. Оның ішінде баспанасы жоқ тұрғын үйге мұқтаж жанұялар кезең-кезеңімен баспанамен қамтамасыз етілмек.