Қайырымдылық клуб қарияларға ЭКСПО көрмесін тамашалауға мүмкіндік сыйлады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде ғаламтор желісінде «Астананың ақкөңілділер клубы» деген атаумен танылған қайырымдылық қозғалысының мүшелері қарттар үйінің тұрғындары мен ерекше күтімді қажет ететін балаларды ЭКСПО көрмесіне апарып, экскурсия өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

«Қарттар үйінің 60 тұрғыны мен ерекше күтімді қажет ететін 15 баланы ЭКСПО көрмесіне әкеліп, экскурсия өткіздік. Ата-әжелеріміз бен балалардың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес», - дейді «Астананың ақкөңілдер клубының» негізін қалаушы Гүлмира Абдрашева.

Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі ірі қозғалысқа айналған аталмыш клуб алты қалада жұмыс істейді. Қозғалыс мүшелері-еріктілеріне қойылатын басты шарт жақын кенттерді қамқорлыққа алып, сол жердің тұрғындарымен жұмыс істеу. 

«Астананың ақкөңілдер клубы» елорда маңындағы бірқатар ауылдарды қамқорлыққа алды. Атап айтқанда, Атбасар қаласы,  Колотун, Семеновка ауылдары бар. Жақында олардың қатарына Новоишимовка ауылы қосылды», - деді Г.Абдрашева.

Айта кететіні,  жоғарыда аталған қайырымдылық қоғамы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан бөлек, бүгінде қараусыз қалаған жануарлар мәселесі, қаланың санитарлық тазалығына қатысты бастама көтеріп, нақты жұмыстар істеп келеді.