Қайырымдылыққа мұқтаж адамға көмек беретін тұлғалардың қызметі заң арқылы ынталандырылады - Н.Кузьмин

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы» заң жобасы талқыланды. Құжат алдағы уақытта палатаның жалпы отырысына шығарылады.

Құжатқа Мәжілістің бірқатар депутаттары бастамашылық жасаған. Бұл ретте депутаттар қолданыстағы заңнамада қайырымдылықтың, оны жүзеге асырудың бүгінгі заманға сай мүмкіндіктерді ынталандыру мәселесін жеткілікті реттей алмай отырғанын алға тартады. Соның ішінде депутаттар бірлесіп әлеуметтік, экономикалық және құқықтық саясаттың қуатты қабатын құрайтын қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызметтің құқықтық ерекшеліктері жоқ екенін айтқан болатын.

Осыған орай, заң жобасымен әлеуметтік өмірдің түрлі салаларындағы филантропиялық, демеушілік және меценаттық қызметті жүзеге асыру қатынастарын құқықтық реттеу заң деңгейінде қамтылады. Еліміздің аумағында, одан тысқары жерлерде осындай қызметке қатысушыларды үйлестіру шаралары қарастырылады. Бұдан бөлек, заң жобасына сәйкес, «қайырымдылық» дегеннің өзі қайырымдылық көмек пен ізгілік қажеттіліктерді қанағаттандыруға негізделген, ерікті, өтеусіз немесе жеңілдік шарттардағы филантропиялық, демеушілік және меценаттық қызмет түрінде жүзеге асырылатын әлеуметтік пайдалы қызмет ретінде айқындалады.

«Бұл осы бағыттағы қызметтің әрбір түрінің құқықтық регламентін қамтуға септігін тигізеді, осылайша жеке жеке заңдар жазудың алдын алады. Соған орай, ілеспе заң жобасымен осы бағыттағы мәселелер бойынша табысқа салық салуды 4 пайызға дейін төмендету көзделеді. Ал Қаржы министрлігінің мониторингіне жататын, үш пайыздық жеңілдіктерге ие 300 компанияның тізіміне енбеген кәсіпорындар да осындай жеңілдіктер ала алады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Мәжіліс депутаты Николай Кузьмин. Оның айтуынша, заң жобасы еліміздегі қайырымдылық қызметке мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуге дайын тұлғалардың қызметін ынталандыруға бағытталады. Енгізілген өзгерістер меценаттықты қоса алғанда, қайырымдылық жасаушылардың тізбесін кеңейтеді, оларды белсенді әлеуметтік өмірге тартуға мүмкіндік береді.

Құжат палатаның жалпы отырысына шығарылады.