Қайырымдылықты насихаттайтын басылым жарық көрді

АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - Елордада қайырымдылыққа, ізгілікке үндейтін «Мирас насихат» атты қазақ және орыс тілдерінде шығатын басылымның алғашқы саны жарық көрді.

Басылымның бас редакторы Жангелді Естенбайдың айтуынша, соңғы кезде біздің қоғамымызда «қайырымдылық нарқы» деген ұғым қалыптасып келеді. «Аталған нарықта өз орнын белгілеп алғандар да бар. Бірі қайырымдылық істерін медицина саласымен байланыстырса, бірі жетімдер үйлерімен тығыз қарым-қатынас орнатқанды жөн көреді. Енді бірі қайырымдылықты діни негізде жүргізгенді дұрыс деп санайды. Соңғы кезде мұсылман қайырымдылық қорлары пайда бола бастады. Солардың бірі - қолдарыңызда алғашқы санын ұстап отырған газеттің құрылтайшысы - «Мирас-А» қоры. Біздің басылым жұртшылықты тек «Мирас-А» қорының сан қырлы қызметімен ғана таныстырып қоймай, осы бір терінің пұшпағын илеп жүрген қайырымдылық қорлардың ізгі істерін, жалпы қайырымдылықты, ізгілікті, имандылықты, рухани байлықты кеңінен насихаттап отыруды мақсат тұтты», - дейді газет редакторы.

Ж.Естенбай қазақтың ежелден-ақ қайырымды, мейірбан һәм рухани бай халық болғанын айта келе: «Елімізде қайырымдылық қозғалыстың туындауына келсек, оның көшбасшысы ретінде, сөз жоқ, Сара Алпысқызын танимыз. Ел анасы атанған Сара апамыз салған сара жол жыл өткен сайын тарам-тарам болып, тарқатыла түсуде. Асыл ананың жолын дана қыздары да қуып, қоғамды ізгілікке баулитын қайырымдылық қорларын ашуда. Бүгінгі таңда Дариға Нұрсұлтанқызы құрған «Асар-Береке» қорының елге танылып қалғанын айта кетейік. Сондай-ақ, Әсел Иманғалиқызы Тасмағанбетова құрған «Сәби» қорының да талай ізгі ісіне жұрт куә. Мұншалықты танымал кісілердің қайырымдылық қозғалысының көш басында тұруы - аса қуанарлық жағдай. Осы ізгі қадамдары арқылы олар қоғамға қозғау салып, соңына ізбасарларын ертіп, қайырымдылық қызметімен айналысатындардың қатарын толықтыра түседі. Сөйтіп, адамдардың жүрегіне жылылық ұялатады, қоғам жанын емдейді», - деп түйіндеді ойын жаңа басылымның басшысы.